Табиғаттан жырақ жоба
Мемлекет экологияға төнетін қауіп пен қоғамның пікірін ысырып қойып, тау туризмін дамыту жолында бәрін бәске тігуге дайын
Алматы іргесіндегі Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салу жобасы он жылдан бері қоғам мен билік арасындағы қызу текетіреске айналды.
Ірі бизнес ұсынған бұл жобаны билік барынша іске асыруға тырысты: қоғамдық пікірді сұраған сауалнама нәтижесін бұрмалап, ауқымды пиар науқан жасап, курорттың арқасында Алматыға туристер ағылады деумен болды. Десе де, жоба әлі жүзеге аспады. Себебі әуелі президенттікке үміткер, кейін президент болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде бұл құрылысқа қарсы шыққан жұрттың жағына шықты.
«Бұл тақырыпқа қайта орала бермес үшін айтайын, Көкжайлау аймағына демалыс кешенін тұрғызуға тыйым саламын. Бізге оның керегі жоқ», – деген еді Тоқаев.
Жоба ресми тоқтаған жоқ, «уақытша тоқтатылды» деп қана жариялады. Енді қайтадан текетірес туайын деп тұрғандай: бір жақта қоғам мен сарапшылар тұрса, екінші жағында мемлекет пен бизнес мүддесі тұр.
Бұл жолы 2019 жылғыдай болады деп үміттенуге де себеп жоқ. Себебі Алматы маңындағы тау кластерін дамыту бағдарламасының аясында курорт салуды Тоқаевтың өзі тапсырды.
Президент тапсырманы былтырғы маусым айында берді. Бұл жолы үкімет ерекше шапшаңдықпен тау кластерін дамытуға арналған кешенді жоспарды дайындап, биылғы ақпанда оның талқылауын «аяқтағанын» мәлімдеді. Шынайы қоғамдық талқылау болған жоқ. Көкжайлау мәселесі тез шешілді, әйтпесе елде бірнеше жыл бойы экология үшін аса маңызды Су кодексі қабылданбай тұр.
Алматыдағы туризм саласындағы басым бағыт ретінде қарастырылып отырған тау кластері іс жүзінде қоғам мен тәуелсіз сарапшылардың сыртында жүзеге асып жатыр. Жаңартылған жобаны премьер-министр Олжас Бектеновке Медеуде таныстырды, жария таныстыру болған жоқ.
Бектенов «мұздықтарға жақынырақ көтерілеміз» деген сөзімен не айтпақ болғаны түсініксіз. Өйткені жобаның өзі әлі күнге дейін ашық жарияланбаған. Оның табиғатқа келтіруі ықтимал зиянын бағалау да қиын.
Мемлекет Алматы тауларындағы туризмнің «экологиялық» бағытта болатынын айтуды жалғастыра беретіні анық. Бірақ айта бергеннен экологиялық бола салмайды. Себебі мұнда жолдар салынып, ғимараттар мен инфрақұрылым бой көтеріп, тау бөктері өзгереді, ағаштар кесіледі.
Ал туристердің көптігімен мақтанатын Қазақстанның ең ірі қаласында жарық тартудан бастап, қоғамдық көлікке дейін шешілмеген мәселе әлі де көп. Қыс айларындағы экологиялық жағдай – көп мәселенің бірі ғана.
Бұған қоса, көптеген ауқымды жобаның ұзақ уақытқа созылатынын (мысалы, Алматы ЖЭО-ны газға көшіру) немесе күткен нәтижені бермей жататынын да естен шығармаған жөн.
Үкімет тау кластері жобасына құйылатын қомақты қаражат (кемінде 600 млрд теңге) жайындағы сұрақтарға ғана емес, сонымен қатар бұл жобаның ашықтығы туралы да нақты жауап беруге дайын болуы керек.
Қазіргі шенеуніктердің ешқайсы Алматыда тұруға ниетті болмаса да (бірінші рет немесе қайтадан), бұл қала мен оның табиғаты мұқият қорғауды қажет ететінін ұмытпағаны жөн. Он жыл бұрын Көкжайлауда құрылыс салуға қарсы болғандардың талабы да осы болатын. Президенттікке үміткер, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ол кезде осы пікірге тоқтаған еді.
Читайте этот материал на русском.
Read this article in English.
Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть