Депутат билер алқасы ретінде құрылған қоғамдық бірлестіктердің жұмысын тексеруді сұрады
Қазір Қазақстанда 3 республикалық және 17 жергілікті билер ұйымы жұмыс істейді.
Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында Қазақстанда билер ұйымдарының көбейгенін және олардың қызметі заң талаптарына қайшы екенін айтты.
"Қазақ "Әділ бидің елін дау араламайды" дейді. Алайда "би", "билер" деген статусты таңып алған талайдың тірлігі қоғамды қақ жарғаны болмаса бітімге шақырмады. Осы тұста Мемлекет басшысы бекіткен "Заң мен тәртіп" қағидаты ағайынның арасын ала тайдай бүлдіруге түбегейлі қарсы екенін ескеру керек. Мәселен, өздерін билер алқасы деп атайтын бір топтың "ата-бабамыздың күнәсі үшін кешірім сұраймыз" деп ақ боз атты құрбандыққа шалған бейнежазбасын көріп жаға ұстадық. Ғайыппен арадағы порталдың есігін жабамыз дегендердің әрекеті есікті қайдам елдің есін алды, артынша ағайын мемлекеттік органдарға арыз жазған еді. Бірақ одан нәтиже болмады", – деді ол.
Депутаттың мәліметінше, қазір Қазақстанда 3 республикалық, 17 жергілікті билер ұйымы жұмыс істесе, олардың мыңдаған мүшесі бар. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 8385 мүшесі бар билер ұйымдары тіркеліп, олардың 1677-сі би болып сайланған.
"Заң бұзылса, оны тексеретін, тергейтін құқық қорғау орындары бар. Тергеудің қаншалықты әділ өткенін қадағалайтын мемлекеттік орган және жұмыс істеп тұр. Іс сотқа жетпей шешілсін дегендерге медиация және бар. Әрі қарай сот үкімі, жаза басқан адамның жазасын өтеу тәртібі бәрі нақты белгіленген. Сондықтан Һәкім Абайша айтқанда "Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?" деп әркімнің әртүрлі шешім шығаруын доғаратын кез келді. Қоғамдық ұйымның заңға сәйкес өзіндік жұмыс істеу ережелері мен темірдей тәртібі бар. Сондықтан адамның құқығын қорғайтын мемлекеттік мекемелер толыққанды қызметін атқарып тұрған елде қоғамдық ұйым біткеннің төрелік айтуын, құқықтық мәселелерді шешуін тоқтату керек", – деді Нартай Аралбайұлы.
Бұл ретте ол атауында "билер", "билер кеңесі", "бас би" сынды терминдер қолданылатын ұйымдардың "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заңды қаншалықты сақтап жұмыс істеп жатқанын тексеруді, құқық қорғау органдары заң аясында шешуі тиіс мәселелерге қоғамдық ұйымдардың төрелік айтуына жол бермеуді сұрады.
Оқи отырыңыз:
Мәжіліс депутаты билер атын жамылған рулық ұйымдарға тексеру жүргізуді сұрады
Қазақтан өзге ешкім неге билеріне ескерткіш қоймаған?

