Қазақстанда италиялық компаниямен бірлескен өндіріс жоспарлануда
Италиялық компания Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл жөнінде LS-тің ресми сауалына берген жауабында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мәлімдеді.
Қордың мәліметінше, қазіргі таңда Ansaldo Energia компаниясы екі газтурбиналық қондырғыны жеткізуде. Атап айтқанда, Алматыдағы ЖЭО-3-ті жаңғырту аясында екі газ турбинасы мен екі генератор орнатылмақ.
"Енді газтурбиналық қондырғылардың жекелеген компоненттерін Қазақстан аумағында өндіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр", – деп хабарлады қорда.
Сонымен қатар, жабдықты кепілдіктен кейінгі және ұзақ мерзімді техникалық қызмет көрсетуге маманданған бірлескен сервис орталығын құру мүмкіндігі де бар.
"Қазіргі кезде серіктестіктің нақты шарттары – жобалар, мақсаттар, мерзімдер мен инвестиция көлемі – әлі белгіленбеген. Бұл жайлар алдағы уақытта қажет болса нақтыланатын болады", — деп түйіндеді қор өкілдері.
Бұған дейін, LS редакциясы елдегі жылу желілерін жаңғырту үшін қосымша 103 млрд теңге қажет екенін хабарлаған еді. Сонымен қатар, тоғыз жылу электр орталығы "қызыл" аймақтан "сарыға" ауысып, тағы үшеуі "жасыл" аймаққа өткен.
Анықтама
Ansaldo Energia – Италияда орналасқан өнеркәсіптік компания. Энергетика саласына арналған жабдықтарды, соның ішінде газ және бу турбиналарын, генераторлар мен энергетикалық қондырғыларды шығарады.